Атбасарлық 200 отбасына AÑSA қорының қаражатына салынған жаңа пәтерлердің кілттері табысталды
02.09.2024Ақмола облысы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып 2024 жылғы ауқымды көктемгі су тасқынынан зардап шеккендердің барлығын баспанамен қамтамасыз ету бойынша шешуші шаралар қабылдады.
29 тамызда облыс әкімі Марат Ахметжанов Атбасарлық 200 отбасына жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады. Бұл адамдар су тасқыны кесірінен үйлерінен айырылған жандар немесе үнемі су басу қаупі бар «қызыл» аймақта тұратын отбасылар.
100 пәтерлік екі үй таза күйінде табысталды. Ақ қабырғалары, еденде линолеумі және орнатылған сантехникасы бар. Жиһазын кіргізіп алып, қоныстануға болады. Сонымен қатар, құрылысшы компания жаңа үй иелері белгілі бір кемшіліктерді байқаған жағдайда мәселені шешуге дайын.
Аулада бұрын уәде етілгендей, сырғанақтары мен әткеншектері бар балалар алаңы мен футбол алаңы орнатылған.
Қуанышқа бөленген пәтер иелерін құттықтап сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов: «Жабай өзенінің суы үлкен аймақтарды бірнеше рет басқан болатын. Тіпті осыдан 20 жыл бұрын су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындардың өтініштері де бар. Сондықтан биыл зардап шеккендер де, үйлері «қызыл» аймаққа жататындар да осы жаңа үйлерге көшіріліп жатыр. 100 пәтерлік екі үйдің құрылысы AÑSA қорының демеушілігімен аяқталды. Біз оларға алғысымызды білдіреміз».
Естеріңізге сала кетейік, AÑSA қоры Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында 20,4 млрд. теңге қаржы бөлді. Қаржы тек жаңа үйлерді салу үшін ғана емес, сонымен қатар құрылыстың аяқталуын күте алмайтын отбасылар үшін қосалқы нарықтан баспана сатып алу мақсатында да жұмсалды. Ақмола облысында осындай 128 отбасы бар. Осы мақсатпен AÑSA қоры 5 млрд. тенге қаржы бөлді.