AÑSA Foundation жасанды интеллект бойынша FAIO 2026 халықаралық олимпиадасына қолдау көрсетті

30.10.2026
AÑSA Foundation жасанды интеллект бойынша FAIO 2026 халықаралық олимпиадасына қолдау көрсетті

27-29 қазан аралығында Алматы маңындағы SDU University базасында Fizmat Artificial Intelligence Olympiad (FAIO 2026) жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадасы өтті. Финалдық кезеңге 15 елден келген 120-ға жуық оқушы қатысты. Олимпиаданы Республикалық физика-математика мектебі мен SDU University ұйымдастырды. AÑSA Foundation және басқа да серіктестердің қолдауының арқасында оқушылар олимпиадаға тегін қатысты.

FAIO биыл үшінші рет ұйымдастырылды. 2024 жылы ұлттық деңгейде өткен олимпиада биыл алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Іріктеу кезеңіне онлайн форматта 28 елден 1500-ге жуық оқушы қатысты.

Олимпиадаға қатысушылар үш адамнан аспайтын командаларға бірікті. Екі кезеңнің әрқайсысы бес сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде командалар математика, бағдарламалау, деректерді талдау және машиналық оқыту бағыттары бойынша сегіз тапсырманы орындады.

Қатысушыларға AÑSA Foundation атқарушы директоры Мұрат Жұманбай бейнеүндеу жолдады:

«Осындай идеялар мен сіздердей талапты жастар үшін AÑSA қоры бұл олимпиаданы қолдайды. Біз даму мен жаңа технологияларды қолдаймыз. Алайда біз үшін ең басты құндылық – адам. Біз адам капиталына және қазақстандықтардың зор әлеуетіне сенеміз. Сондықтан біздің ұстанымымыз – ақылды қайырымдылық. Бұл бір реттік көмекпен шектелмей, адамның болашағына оң ықпал ететін ұзақ мерзімді қолдау көрсету деген сөз. Біздің миссиямыз – жастардың болашағына жол ашу. Ал сол мүмкіндікті пайдаланып, биік мақсаттарға жету өздеріңізге байланысты», – деді ол.

Мұрат Жұманбай Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру міндетін қойғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мақсаттың жүзеге асуы бүгінгі оқушыларға да тікелей байланысты. Өйткені елдің цифрлық болашағын қалыптастыруға осы буынның өкілдері атсалысады.

29 қазанда SDU University қабырғасында олимпиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. 24 команда ақшалай сыйлыққа ие болды. Жүлде қорының жалпы көлемі 11 миллион теңгені құрады.

Бас жүлде мен SDU University-де тегін білім алу грантын Санкт-Петербург қаласындағы №30 губернаторлық физика-математика лицейінің командасы жеңіп алды. Алтын медаль иегерлерінің бірі – Санкт-Петербургтен келген 17 жастағы Артём Горохов. Ол олимпиадаға командасыз әрі жетекшісіз, жалғыз өзі қатысты.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Заңғар Сәкенұлы, Аярыс Қалиден және Дидар Мұхаметхан олимпиаданың күміс жүлдесін иеленді. Алтын медаль алу үшін оларға бар болғаны бес ұпай жетпей қалды.  Үш оқушы да Абу-Дабидегі Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence университетінде білім алуды армандайды. 

AÑSA Foundation Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Татьяна Кимнің айтуынша, қордың FAIO олимпиадасына қолдау көрсетуі – білімге ұмтылған талантты жастарды қолдау бағытындағы жұмысының заңды жалғасы.

«FAIO жасанды интеллектіні жаңалықтар ашуға мүмкіндік беретін сала, ал технологияны айналасындағы әлемге ықпал ету құралы деп қабылдайтын әр елдің оқушыларын бір алаңға жинады. Әр қатысушы өз қабілетін танытып, идеясын ортаға салуға және өз ұмтылысының бағаланатынын сезінуге мүмкіндік алды.  Біз үшін бұл тәжірибенің жастардың алдағы ізденісіне серпін беріп, бүгін алған білімдерінің уақыт өте келе бүкіл ел игілігіне қызмет етуі маңызды, – деді Татьяна Ким.

AÑSA Foundation-ның бұл бастамасы қордың мектеп оқушыларын жасанды интеллект саласымен таныстыруға бағытталған алғашқы жобасы емес. 2025 жылы қор Ақмола облысы Целиноград ауданының ауылдық аумақтарын дамытуға арналған «Baquatty Audan» пилоттық жобасына қатысты. Жоба аясында ауыл мектептерінде жасанды интеллект және робототехника үйірмелері ашылды.