AÑSA Foundation 10 жастағы Ален Бәсенге кәсіби виолончель сыйлады

23.09.2026
AÑSA Foundation 10 жастағы Ален Бәсенге кәсіби виолончель сыйлады

AÑSA Foundation алматылық жас виолончелист Ален Бәсенге поляк шебері Войцех Топа жасаған кәсіби концерттік виолончельді табыстады. Аспапты сыйға тарту рәсімі 10 жастағы Ален білім алып жатқан Күләш Байсейітова атындағы мектеп-интернатта өтті.

Жас өнерпазға табысталған виолончель қордың арнайы тапсырысымен жасалған. Войцех Топаның аспаптары бай әрі терең үнімен ерекшеленіп, кәсіби музыканттар арасында жоғары бағаланады. Жаңа виолончель Аленге шеберлігін одан әрі шыңдап, күрделі шығармаларды меңгеруге және сахнада еркін өнер көрсетуге  септігін тигізеді.

Қолдау бағдарламасы аясында Аленге кәмелет жасына толғанға дейін атаулы шәкіртақы да беріледі. Мұндай ұзақмерзімді қолдау жас музыкантқа оқуына алаңсыз көңіл бөліп, орындаушлылық шеберлігін жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар AÑSA Foundation Аленнің ұстазы Бақытжан Жантурғановқа 1 млн теңге көлемінде қолдау көрсетті.

Ален Бәсен – Дінмұхамед Қонаевтың туған қарындасы Гаухар Ахметқызы Қонаеваның шөбересі. Бүгінде жас музыкант республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, өнерін шыңдап келеді.

Италияда өткен 37-ші халықаралық Rovere d’Oro музыкалық байқауында Ален «Жас таланттар» санатында 100 балдың 100-ін жинап, Бірінші абсолютті жүлдеге ие болды. 2026 жылы ол Қазақстандағы Орындаушылық өнер республикалық олимпиадасында Гран-при иеленді. Ал 2025 жылы Венецияда өткен Suoni di Venezia байқауында бірінші орын, Astana Sounds халықаралық жасөспірімдер байқауында екінші орын алды. 

«Қазақстанның болашағы өз қабілетін шыңдап, алғашқы жетістіктеріне қол жеткізіп жүрген жандардың тарихынан құралады. Олардың қатарында жас музыканттар, спортшылар және инклюзивті жобаларға қатысушылар бар. AÑSA Foundation олардың қабілетін шыңдап, кәсіби тұрғыдан дамуына қолдау көрсетуге ұмтылады. Бүгінде жас музыкант Ален Бәсен де осындай қолдауға ие болып отыр. Оның музыкаға деген сүйіспеншілігі мен өнер жолындағы тынымсыз ізденісі жаңа белестерге жетелейді деп сенеміз. Ал оның әрбір жетістігі Қазақстанның мәдени кеңістігінде өзіндік із қалдырмақ», - деді AÑSA Foundation қамқоршылық кеңесінің мүшесі Татьяна Ким.