«Сағындым ғой...»: Алматыда Нұрғиса Тілендиевті еске алу кеші өтті
16.10.2026
15 қазан — Нұрғиса Тілендиевтің дүниеден өткен күні. 1998 жылы дәл осы күні қазақ музыкасының көрнекті өкілі өмірден озды. Алайда Нұрғиса Тілендиевтің 500-ден астам туындысы бүгінде сахна төрінде шырқалып, кино арқылы көпшілікке танылып, халықтың рухани мұрасының ажырамас бөлігіне айналды.
Осы күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында маэстроның шығармалары орындалып, «Сағындым ғой...» атты еске алу кеші өтті. Кеште Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі өнер көрсетті. Бағдарламаға 23 шығарма енді. Оркестрмен бірге Б.Байқадамов атындағы хор капелласы да сахнаға шықты.
Көрермен қауым кешті ерекше ықыласпен қарсы алды. Жұртшылық бала кезден таныс әндер мен күйлерді сағынышпен тыңдап, сүйікті әуендерге қосылып отырды. Оркестр мен хордың, жеке орындаушылардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болды. Кеш қазақ музыкасының шынайы мерекесіне айналды.

Кеш барысында AÑSA Foundation қорының атқарушы директоры Мұрат Жұманбай көрермендерге арнап сөз сөйледі.
«Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларында халқымыздың рухы, ұлттың үні, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мәдени қазына бар. Сондықтан оның мирасы — өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі және келешек ұрпақтың да рухани тірегі», — деді ол.

Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестрін 1980 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы жанынан құрды. Ал 1982 жылы ұжымға оркестр мәртебесі берілді. Домбырамен қатар, жетіген, шертер, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз секілді ұлттық аспаптардың үні оркестр шығармашылығында ерекше орын алады. Көптеген тыңдарман осы аспаптармен алғаш рет «Отырар сазы» арқылы танысты десек артық болмас. Бүгінде оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері — композитордың қызы Дінзухра Тілендиева.
2026–2027 жылдары AÑSA Foundation қоры «Нұрғиса Тілендиевтің мәдени мұрасы» жеке қорымен бірлесіп, «Нұрғиса Тілендиев мұрасы» бағдарламасын жүзеге асырады. Бағдарлама композитордың шығармашылық мұрасын және өзі құрған оркестрдің дәстүрін сақтауға, оның музыкасын жаңа буын тыңдармандары мен орындаушыларына кеңінен танытуға бағытталған.
AÑSA Foundation қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Татьяна Кимнің айтуынша, екі жылға арналған бағдарлама Нұрғиса Тілендиевтің және оның аты аңызға айналған «Отырар сазы» оркестрінің мұрасын сақтауды көздейді.
«Нағыз классика ешқашан ескірмейді. Бірақ оны келер ұрпаққа жеткізу үшін қолдау қажет. Бағдарлама аясында архивтегі жазбаларды цифрландыру, сахналық жабдықтарды жаңарту, жас музыканттарға қолдау көрсету және ауқымды гастрольдік сапарлар ұйымдастыру жоспарланған. Біз үшін маэстро Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы концерт залдарында ғана емес, стримингтік платформаларда да шырқалып, жас ұрпаққа кеңінен танылуы маңызды», — дейді Татьяна Ким.

Дінзухра Тілендиева да шығармашылық саланы қолдаудың маңызын атап өтті.
«Мұндай қолдаудың мәні зор. Шығармашылық адамдарына тың туындылар жазып, жаңа идеяларын жүзеге асыру үшін тұрақты қаржылай қолдау қажет», — деді ол.
Нұрғиса Тілендиев мұрасын қолдау бағдарламасы алты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның аясында оркестрге жаңа аспаптар, репетициялық жабдықтар мен сахналық костюмдер сатып алу; жас музыканттарға атаулы стипендиялар мен гранттар тағайындау, байқаулар мен шеберлік сабақтарын өткізу; Қазақстанда және шетелде концерттер ұйымдастырып, гастрольдік сапарларға шығу көзделген.
Сондай-ақ архивтік жазбаларды цифрландыру, композитордың шығармаларын стримингтік платформаларға орналастыру, коллекциялық винил пластинка мен нота жинақтарын шығару, Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі бейнематериалдар әзірлеу жоспарланған.