«BAQUATTY AUDAN» бастамасы

07.08.2024
«BAQUATTY AUDAN» бастамасы
«BAQUATTY AUDAN»

Ауыл тұрғындарының сапалы медицинаға, білімге және инклюзияға қолжетімділігін арттыруға арналған «BAQUATTY AUDAN» бастамасын іске асыру басталып жатыр. Ақмола облысының Целиноград ауданы пилоттық жобаларды жүзеге асыру алаңы болып белгіленді.

Білім беру бойынша жобалар тізбегі мұғалімдер мен ауылдық мектеп басшыларының кәсіби және жеке біліктілігін дамыту бағдарламаларынан басталды. Ауылдық мектеп оқушыларының қалалық құрдастармен салыстырғандағы ақпараттық теңсіздігі баршаға мәлім, біздің міндетіміз – озық тәжірибеге қолжетімділікті арттыру арқылы оны азайту. Тұрақты өсу үшін «Ауылдық педагогикалық академия» және ауылдық мектептер базасында қосымша білім беру орталықтарының үлгілерін енгізу жоспарлануда.

Жоба мақсаты – ауыл балаларының сапалы білімге және әртүрлі қосымша ресурстарға қолжетімділігін арттыратын интеграцияланған жүйені құру. Бұл олардың болашақта табысты болуы үшін бүгінде дамуына мүмкіндік береді.

Ақмола облысынан кейін бұл тәжірибені еліміздің барлық ауылдық аудандарына тарату жоспарлануда.

Жоба басталуы: маусым 2024 жыл.

1. Целиноград аудан мектептері басшыларының және мұғалімдерінің құзыреттерін дамыту

Аудандағы 30 мектептен 90 басшыны (директорларды, оқу ісінің меңгерушілерін) жүйелі оқыту, нақты басқару жағдайлары мен өндірістік тапсырмаларға негізделген.

Ауданда балалардың функционалдық сауаттылық деңгейін дамыту бағдарламасы бойынша 500 мұғалім өтеді.

Одан бөлек, 1 оқу жылында тыңдаушыларға курстан кейінгі қолдау ұйымдастырылады.

2. «Ауыл педагогикалық академиясы» ауыл мектептерінде кәсіби қоғамдастықтарды қалыптастыруды және мұғалімдердің үздіксіз өзін-өзі дамытуға және өзара білім алуына қолайлы жағдай жасауды мақсат етеді.

Бұл үрдіске тек өз білімін беретін сыртқы сарапшылар қатыспайды. Ауыл мұғалімдерінің өздері кәсіби өсу мен тәжірибе алмасуда бір-біріне белсенді түрде ықпал ете алады. Бұл тәжірибенің маңызды қағидасы – «Тең-теңімен» білім беру тұжырымдамасы: әрбір мұғалім бір уақытта тәлімгер және шәкірт ретінде әрекет етеді.

3. Қазіргі уақытта жоба аясында ауылдық жерлерде Қосымша білім беру орталықтарын іске қосу алгоритмі әзірленуде.

Қалада балалардың шығармашылық және спорттық бағыттағы түрлі секцияларды, үйірмелерді таңдау мүмкіндігі болса, ауылдық жерлерде қосымша біліммен қамту әлі төмен деңгейде қалып отыр. Сондықтан да «BAQUATTY AUDAN» бастамасының бір жобасы – «5 Sundyq» мектеп баланың әртүрлі қабілеттерін дамытатын орталыққа айналуы тиіс.

Ауылдық жерлерде цифрлық ресурстарға қолжетімділік қалаға қарағанда төмен екені белгілі. Осыған байланысты балалар мен ересектердің цифрлық дағдылары әлсіз. Қызықты білім беру бағдарламалары мен жүйелік шешімдерге қолжетімділікті ұйымдастыру мектептегі оқыту-тәрбиелеу процесін ұйымдастыруды айтарлықтай жеңілдетеді және балаларға да, мұғалімдерге де жоғары сапалы білім беру және дамыту ресурстарын еркін пайдалануға мүмкіндік туғызады.

Пилоттық жоба Amanat партиясының бастамасымен, ESEN Foundation қорының, AÑSA қайырымдылық қорының және Baiquatty Aimaq Qory қоғамдық қорының қолдауымен іске асырылып жатыр.

Әдістемелік қолдау: Назарбаев Зияткерлік мектебінің Педагогикалық шеберлік орталығы.