Ақмола облысының тұрғындарына көмек: су тасқынынан зардап шеккендерге арналған жаңа баспана
15.08.2024AÑSA қоры Ақмола облысының Атбасар қаласында 2024 жылдың көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арнап тұрғын үй салу және сатып алу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Қордың арқасында Ақмола облысында 128 отбасы пәтер иелері атанып үлгерді. Жыл соңына дейін тағы 245 отбасы жаңа пәтерге ие болады. Осы мақсатпен қордан 5 млрд теңге бөлінді.
Жобаның басты мақсаты – су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды сапалы және қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету, олардың тез әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау.
AÑSA қайырымдылық қоры елде орын алған төтенше жағдайға бірден мән беріп, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарын қолдау мақсатында 20 миллиард теңге қаражат бөлді. Қаражат тек жаңа үйлер мен пәтерлердің құрылысына ғана емес, сонымен қатар қосалқы нарықта дайын тұрғын үйлерді сатып алуға жұмсалды.
Жоба қай кезеңде?
Атбасар қаласында 2024 жылдың көктемінде су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 100 пәтерлік екі үй тез арада салынды. Қазіргі уақытта пәтерлерде ішкі жұмыстар жүргізілуде - еден төсеу, байланыстырушы коммуникациялар және т.б. Жаңа пәтерлер қыркүйек айында беріледі.
Ал 45 пәтерлік тағы бір үйдің құрылысы енді ғана басталды.
Қосалқы нарықтан тұрғын үй сатып алу
AÑSA қорынан түскен ақша тек жаңа үйлердің құрылысына ғана емес, сонымен қатар құрылыстың басталуын күтпеген атбасарлықтар үшін екінші реттік баспана сатып алуға жұмсалды.