Қазақстан бочча федерациясын қолдау

30.10.2025
Қазақстан бочча федерациясын қолдау

2025 жылдан бастап AÑSA Foundation жеке қоры Қазақстан бочча федерациясының ресми серіктесі. Бірлескен жұмыс еліміздегі параспортты дамытуға, ұлттық бочча құрамасын қолдауға және қазақстандық спортшыларды халықаралық аренада танытуға бағытталған.

Ынтымақтастықтың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі спортшылардың әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарға қатысуына жағдай жасау және спорт арқылы инклюзия мәдениетін дамыту.

Бочча дегеніміз не

Бочча (boccia) – координацияны, дәлдікті және стратегиялық ойлауды дамытатын паралимпиядалық спорт түрі. Ойыншылар былғары доптарды нысана шарына («джек») мүмкіндігінше жақын орналастыруға тырысып жарысады. Бұл спорт түрі жоғары деңгейдегі зейін мен тактикалық есептеуді талап етеді, сондықтан ол тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін қолжетімді интеллектуалды спорт саналады. 

Бочча Паралимпиядалық ойындардың бағдарламасына 1984 жылдан бастап енгізілді және бүгінде әлемнің 70-тен астам елінде дамып келеді.

Қазақстан өз бочча мектебін қалыптастырып, халықаралық деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеуде және BISFed халықаралық федерациясының қолдауымен өтетін турнирлерге тұрақты түрде қатысып келеді.

Бұл спорт түрінің дамуы мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуетін кеңейтуге, олардың қоғамға әлеуметтік тұрғыда бейімделуіне және инклюзивті құндылықтарға деген құрметті арттыруға ықпал етеді.

AÑSA Foundation жеке қорының қолдауы Қазақстан бочча федерациясының негізгі бағыттарын қамтиды:

1. Халықаралық жарыстарды ұйымдастыру

2025 жылы Қазақстан алғаш рет Astana 2025 World Boccia Challenger турнирін өткізді – бұл 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиадалық ойындарға іріктеу кезеңіне енген жылдың ең ірі шараларының бірі болды.

Жарысқа 12 елден келген 56 параспортшы қатысты. Турнир ұйымдастыру жағынан жоғары деңгейде өтіп, Бочча халықаралық федерациясы (BISFed) тарапынан жоғары бағаға ие болды.

2. Қазақстан құрамасын дамыту және қолдау

AÑSA Foundation жеке қоры ұлттық құраманың дайындық процесіне қолдау көрсетеді, параспортшылар мен жаттықтырушылардың халықаралық жарыстарға қатысуына, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруда қолдау көрсетеді. 

3. Инклюзивті спортты дамыту

AÑSA Foundation жеке қоры Федерациямен бірлесе отырып, боччаны қоғамда таныту, ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру және Қазақстанның параспортты қолдайтын ел ретіндегі оң имиджін қалыптастыру бойынша бастамаларды жүзеге асырады. 

2025 жылы AÑSA Foundation жеке қорының қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы халықаралық аренада айтарлықтай жетістіктерге жетті:

1. Қазақстан халықаралық деңгейде параспорттық іс-шараларды өткізуге дайындығын растады.

2. Astana 2025 World Boccia Challenger турнирі халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен инклюзивті құндылықтарды дамытуды маңызды қадам болды.

3. Қазақстанның ұлттық бочча құрамасы 6 медаль иеленді: оның ішінде 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль.

Қазақстан құрамасының жүлдегерлері:

Алтын: жекелей есепте – Итиана Шингисханова, Балжан Бөлекпаева; аралас жұптық есепте – Эльмира Мусралиева мен Азамат Аязбаев.

Күміс: Азамат Аязбаев, Ерхат Алмат.

Қола: Эльмира Мусралиева.

4. Жыл бойы Федерация спортшылары AÑSA Foundation жеке қорының қолдауымен бірқатар шетелдік жарыстарға қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайтты.