Жас виоленчельші Ален Басенге қолдау

11.09.2026
Жас виоленчельші Ален Басенге қолдау

AÑSA Foundation жеке қоры Алматыдан шыққан жас виолончельші Ален Басенге қолдау көрсетеді. Бағдарлама аясында кәсіби концерттік аспап сатып алу және музыкант кәмелетке толғанға дейін оған атаулы стипендия төлеу көзделген.

Басты мақсат – Аленнің кәсіби тұрғыда дамуына және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау, оның орындаушылық шеберлігін жетілдіруге қолдау көрсету. 

Демеушілік қолдау көлемі: ағымдағы кезеңде 9 474 851 теңге. 

Үлкен сахнадағы алғашқы жетістіктері

Ален Басен – Алматыдан шыққан он жасар виолончельші, Қ. Байсейітова атындағы мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі. Ол республикалық және халықаралық музыкалық байқауларда сәтті өнер көрсетіп жүр. 

  • Италияда өткен Rovere d’Oro 37-ші халықаралық музыкалық  байқауында Ален «Жас таланттар» санатында 100-ден 100 ұпай жинап, ең жоғары бағаға ие болды.
  • 2026 жылы музыкант Қазақстанда өткен Орындаушылық өнер бойынша республикалық олимпиадада Гран-при иеленді.
  • 2025 жылы Венецияда өткен Suoni di Venezia халықаралық музыкалық байқауында 1-орын, Astana Sounds халықаралық жасөспірімдер байқауында 2-орын алды.

 AÑSA Foundation қолдауы екі бағытты қамтиды:

1. Кәсіби аспап сатып алу

Қор кәсіби концерттік виолончельді ысқышы мен футлярымен бірге сатып алуға қаражат бөлді. Аспапты кәсіби музыканттарға арналған ысқышты аспаптар жасайтын поляк шебері Войцех Топа дайындайды.

Жаңа виолончель Аленге орындаушылық техникасын жетілдіруге, күрделі репертуарды меңгеруге және концерттерге дайындалуға мүмкіндік береді.

2. Атаулы стипендия

Қор Аленнің кәсіби тұрғыда дамуына қолдау көрсету мақсатында оған кәмелетке толғанға дейін атаулы стипендия тағайындады. Мұндай қолдау оған білімі мен кәсіби тұрғыдан дамуына назар аударуға көмектеседі. 

AÑSA Foundation қоры Қазақстандағы талантты жастардың өз қабілеттерін дамытуға және болашағын сүйікті ісімен байланыстыруға мүмкіндік беруге ұмтылады. Осы мақсатта алғашқы жетістіктерін мойындап қана қоймай, оқу жылдарында тұрақты қолдау көрсету де маңызды. Қор жас музыканттарға қолдау көрсете отырып, Қазақстан мәдениетінің болашағына үлес қосуда.