Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендер AÑSA қорының қолдауымен салынған үйлерге қоныстана бастады

16.08.2024
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендер AÑSA қорының қолдауымен салынған үйлерге қоныстана бастады

Петропавл қаласындағы «Бірлік» ықшамауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатырған үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. AÑSA қоры бөлген қаражатқа барлығы 400 үй салынады. Осы мақсатпен 9,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар қор есебінен құны 400 миллион теңгеден асатын 90 орындық балабақша салынып жатыр. 

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынының салдарын жою және зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның бизнес-қауымдастығын «тасқын суға» тап болған өңірлердегі қалпына келтіру жұмыстарына өз үлестерін қосуға шақырды. 

Алғашқы тұрғындар жаңа үйлерінің кілтін алып үлгерді. Қазіргі таңда 100 үйдің құрылысы аяқталды.

Жаңа тұрғындар үйдің сапасын, ыңғайлы жобасын және ойластырылған дизайнын атап өтті.

Әр үйдің ауданы 80 шаршы метрді құрайды және 3 қонақ бөлмесі, жуынатын бөлмесі және қазандық бөлмесі бар. Қабырғалар үш қабатты сэндвич-панельдерден жасалған, олар үйді жылумен қамтасыз етіп отырады. Бұл панельдер климаты қатал, қыста ауа температурасы 40 градустан төмен түсуі мүмкін солтүстік Қазақстан аумағы үшін маңызды. Үйде орталықтандырылған су құбыры бар.

Үйлер жылыту маусымының басында әрлеу жұмыстары аяқталған соң таза күйінде табысталады, бұл жаңа тұрғындардың қосымша жөндеу жұмыстарына уақыт пен ақшаны ысырап етпей, бірден көшуіне мүмкіндік береді. Бұл әсіресе баспана мәселесін тез арада шешуді қажет ететін тасқыннан зардап шеккен отбасылар үшін өте маңызды.

Құрылысқа Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі белсенді қол ұшын созуда. Жергілікті билік құрылыс жұмыстарын тез әрі сапалы аяқтауға қажетті жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсетуде.

AÑSA қоры Солтүстік Қазақстандағы тасқыннан зардап шеккендерге тұрғын үй салу мен сатып алуға барлығы 15 млрд теңге жұмсайды.

Петропавл қаласында жаңа шағын ауданның құрылысы қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған мемлекеттік органдар мен жеке бастамалар арасындағы тиімді өзара әрекеттің жарқын мысалы болып табылады. Мемлекет пен бизнес арасындағы келіскен жұмыс су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың баспана мәселесін шешіп қана қоймай, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізеді.