«Baquatty Audan» пилоттық жобасының арқасында бүтіндей ауданның әлеуметтік инфрақұрылымы оң өзгерістерге ұшырады

27.11.2025
«Baquatty Audan» пилоттық жобасының арқасында бүтіндей ауданның әлеуметтік инфрақұрылымы оң өзгерістерге ұшырады

Ақмола облысының Целиноград ауданында жүзеге асырылған «Baquatty Audan» пилоттық жобасының нәтижелері талқыланған дөңгелек үстел Астанада өтті. Жиынға «Esen Foundation» Қамқорлық кеңесінің төрағасы Асет Исекешев төрағалық етті.

Іс-шараға Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, «AÑSA Foundation» атқарушы директоры Мұрат Жұманбай, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының басшысы Камалжан Надыров, денсаулық сақтау жобасының жетекшісі Лейла Ишбаева, АОО «НИШ» басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау саласының сарапшылары қатысты.

Өз сөзінде Асет Исекешев жобаның негізгі міндеті ауқымды шығынсыз-ақ, нысаналы шаралар, мамандарды оқыту және білім беру, денсаулық сақтау мен инклюзия салаларына заманауи әдістерді енгізу арқылы кешенді өзгерістерге қол жеткізу мүмкін екенін көрсету болғанын атап өтті. 

Қазақстан халқының 37%, яғни 7,6 млн адам ауылдық жерлерде тұрады. Елде 6 208 ауыл мен елді мекен бар, олардың дамуы мемлекет саясатының экономикалық және әлеуметтік бағытындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Ауыл бір жағынан - дамудың көзі, екінші жағынан – мәдениеттің негізі. Сол себепті аймақтарда өмір сапасын жақсартатын тұрақты шешімдерді қабылдау өте маңызды.

Осындай шешімдердің бірі – «Amanat» партиясы, AÑSA және Esen қорлары бірлесіп іске асырып жатқан «Baquatty Audan» пилоттық жобасы.

Білім беру

Жобаның басты мақсаттарының бірі - білім сапасын арттыру. Жоба барысында НИШ Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлерімен 300-ден астам сабақ, тренинг және семинар өткізілді. 500 мұғалім мен 90 мектеп директоры оқытылды. «Baquatty Audan» мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған квоталардың жетіспеушілігін өтеп, кәсіби күйзеліс пен әдістемелік қолдаудың жетіспеушілігі деңгейін 20%-ға төмендетті.

Жоба аясында мыңнан астам педагогты біріктірген Ауылдық педагогикалық академия құрылды. Ақмол ауылында мұғалімдер тапсырмаларды сынақтан өткізіп, оқу бағдарламаларын жетілдіріп, жаңа әдістемелер жасайтын коворкинг орталығы ашылды.

Бір мектепте жасалған әдістемелер басқа мектептерге де енгізіліп, аудан бойынша ортақ білім беру жүйесін қалыптастыруда.

Қосымша білім беру жалпы жүйенің бір бөлігіне айналды: балалар робототехника, биотехнология, ЖИ, мобилография, вокал және театр үйірмелеріне бару үшін аудан орталығына қатынамайды, өйткені үйірмелер мектеп қабырғаларында орналасқан.

Талапкерде мектептен тыс үйірмелерге қатысатын балалар үлесі — 59% (980 оқушының 580-і), Қызылжарда — 83% (340 оқушының 282-і).

Дөңгелек үстел модераторы, Esen Foundation білім беру бағдарламаларының жетекшісі Камила Башарованың айтуынша, OECD (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы – ред. ескертп.) деректеріне сәйкес, функционалдық сауаттылық деңгейі төмен елдерде жұмыссыздық, қарызға батушылық және банкроттық қаупі үш есе артады, өйткені бұл көрсеткіш балалардың болашақтағы экономикалық жетістігін айқындайтын басты фактор. 

«Сапалы білімге, әсіресе математикаға, кітап оқуға және сыни ойлауға құйылған инвестициялар халық табысының өсуіне және әлеуметтік теңсіздіктің азаюына ықпал етеді. Сондықтан ауыл балаларының дәл қазіргі сәтте сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды», – деді ол.

Инклюзия

Жоба инклюзияға ерекше назар аударды. Қазақстанның ауылдық жерлерінде 300 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, олардың инфрақұрылымға қолжетімділігін арттыру қажет. Целиноград ауданында 1040 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар бар. Оразақ, Алтынсарин, Қызылжар және Қараменді Батыр мектептерінде 4 инклюзия кабинеттері ашылып, 63 бала сүйемелдеу бағдарламасына алынды, 20 маман оқытылды.

Пилоттық тәжірибе өңірлік деңгейде де жүзеге асты: Көкшетауда пилоттық мектептердегі стандарттарға сәйкес жасалған бесінші кабинет ашылды. Бұл инклюзиялық білім беру бойынша бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға негіз болуда. 

Денсаулық сақтау

Жобаның үшінші бағыты - медицина. Мұнда басты назар мамандардың біліктілігін арттыру мен алғашқы медициналық пункттерді жабдықтауға аударылды. Заманауи диагностикалық әдістер денсаулықтағы ауытқушылықтарды бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді, ал телемедицина фельдшер мен дәрігер арасындағы жедел байланысты қамтамасыз етеді. «Baquatty Audan» жобасы аясында көптеген мамандар біліктіліктерін арттырды, мысалы:

  • 492 медицина қызметкері оқытылды;

  • Ұлттық кардиология орталығында 40 медбике даярлықтан өтті;

  • BLS стандарттары бойынша 171 медбике және 52 дәрігер оқытылды.

Ауылдық аймақтар үшін бұл әдістің маңызы зор: диагностикаға кететін уақытты қысқартып, қауіп-қатерді төмендетіп, бастапқы медициналық қызметтің маңызын арттыра түседі, әрі қомақты қаржыны талап етпейді. Мектептерге жаңартылған әдістемелік материалдар, медпункттерге жаңа жабдықтар табысталды, ал мамандар тәжірибелік дайындықтан өтті. Ақмола облысының Білім басқармасында атап өткендей, жоба тұрақты шешімдерді енгізуге мүмкіндік берді: кадрлық база жергілікті деңгейде қалыптасып, жаңа тәсілдер күнделікті жұмысқа енгізілді.

«AÑSA Foundation» атқарушы директоры Мұрат Жұманбай жоба мемлекет, азаматтық қоғам және бизнестің ортақ жұмысының жарқын үлгісі екендігін атап өтті:

«Baquatty Audan» біріге отырып жұмыс жасап, нақты нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетті. Қор үшін бұндай бастамаларға қатысу білім, медицина, ғылым және креативті индустрия салаларының дамуына үлес қосумен тең. Ең басты жетістік - арнайы дайындықтан өткен кадрлар. Барлық маман - жергілікті тұрғындар, бұл ауданның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ішкі әлеуетін арттырады. Esen Foundation командасына, «Amanat» партиясына және Ақмола облысы әкімдігіне алғыс білдіреміз».

Масштабтау перспективалары

Пилоттық жоба нәтижелері білім беру, медицина және инклюзия салаларын жақсартуға бағытталған әдістерді басқа өңірлерге де қолдануға болатынын көрсетті. Минималды инвестициялар және нақты басқарушылық шешімдер ауылдық жерлердегі өмір сапасының өсуіне айтарлықтай әсер ететіні дәлелденді. Сарапшылардың пікірінше Целиноград ауданында жүзеге асырылған әдісті мемлекеттің басқа ауылдық аймақтарын басқаруда және дамытуда пайдалануға болады.