AÑSA жеке қоры мен «Барыс» ХК жас хоккейшілерге арналған шеберлік сабағын өткізді
05.03.2026
«Барыс Аренада» астаналық «Барыс» клубының жұлдызды ойыншылары мен балалар-жасөспірімдер хоккей мектебінің тәрбиеленушілерін біріктірген ауқымды шеберлік сабағы өтті. Спорттық шара клубтың импакт-серіктесі – AÑSA Foundation жеке қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
«Номад» командасының жас спортшыларымен бірге мұз айдынына кәсіби ойыншылар шықты: Артем Шестаков, Бейбарыс Оразов, Семен Симонов, Райли Уолш, Тайс Томпсон, Алихан Асетов және команда капитаны Кирилл Савицкий. Клубтың нышаны Барыс Мұз алаңындағы ерекше атмосфераны қалыптастырып, жас ойыншыларға қолдау көрсетті.
Бірлескен жаттығу барысында тәжірибелі ойыншылар мен жас хоккейшілер сырғанау техникасын және шайба лақтыру дағдыларын жетілдіруге бағытталған бірнеше жаттығуларды орындады. Сонымен қатар екіжақты ойын өткізіліп, буллит орындау тәсілдері пысықталды.

AÑSA Foundation атқарушы директоры Мурат Жұманбай:
— Балалар спортын дамыту – AÑSA қоры жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Үлкен жеңістерге апарар жол жақсы жағдай мен өз ісінің нағыз кәсіби мамандарымен бірге жаттығу мүмкіндігінен басталатынын жақсы түсінеміз. Біз спорттың қолжетімді болуын, ал балаларымыздың дені сау, мақсатшыл болып өсуін қалаймыз. Қор көмегі болашақ чемпиондардың нақты жетістіктеріне айналғаны біз үшін өте маңызды.
Хоккей клубының басшылығы да мұндай бастамалар қазақстандық спорттың болашақ жұлдыздарын тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Барыс» ХК бас директоры Сәкен Мұсайбеков:
— Бүгін AÑSA жеке қорымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл шеберлік сабағы – жай ғана жаттығу емес. Бұл жас хоккейшілерге шынайы шеберліктің қалай қалыптасатынын көруге мүмкіндік берді. Осындай кездесулер балалардың өз күшіне сенуіне, тәртіп пен командалық жұмысты үйренулеріне көмектеседі. Біз үшін балалардың хоккейге деген қызығушылығын арттырып, олардың әлеуетін ашуға барлық жағдай жасау аса маңызды.
Кәсіби ойыншылар үшін мұндай кездесулер өз тәжірибелерін еске алып, бар жиған-тергенін келесі буынға жеткізуге мүмкіндік береді.

«Барыс» капитаны Кирилл Савицкий:
— Бұл балаларымыздың әрі қарай дамуы үшін маңызды шара. Бір кездері біз де олардың орнында болғанбыз. Қазір өз тәжірибемізбен бөлісіп, жаңа нәрселерді үйретуге тырысамыз. Ең бастысы, олардың дамуға және кәсіби тұрғыда өсуге деген ынтасы бар.
Күннің басты кейіпкерлері «Номад» командасының ойыншылары болды. Олар үшін үлгі тұтатын спортшыларымен бірге мұз айдынына шығу жаттығу процесіндегі ең әсерлі сәттердің бірі болды.

«Номад» ойыншылары Нұрахмет Әбділсапар мен Артур Цхай:
— Керемет эмоциялар! Негізгі командамен бірге жаттығу өте қызықты өтті. Шынымызды айтсақ, мұндай сабақ болатынын білмедік. Бірақ Савицкий, Уолш және басқа ойыншылар мұзға шыққанда қатты қуандық. Уақытты өте жақсы өткіздік және қандай деңгейге ұмтылу керектігін көрдік. Кәсіби ойыншылардың қалай сырғанайтынын, қалай соққы жасайтынын, қалай шешім қабылдайтынын бақыладық. Бұл біз үшін өте пайдалы болды.
Кездесу дәстүрлі түрде ортақ естелік суретке түсумен және достық әңгімемен аяқталды. Кәсіби ойыншылар жас спортшыларға өз тәжірибелерімен бөлісті.

Еске сала кетейік, Вячеслав Кимнің AÑSA жеке қоры Қазақстанда бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға белсенді қолдау көрсетеді. 2025 жылдан бастап қор «Барыс» хоккей клубының ресми импакт-серіктесі және салауатты өмір салтын насихаттауға, жас таланттарды қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.